COVID-19-ға тест үй жағдайында және шақыруларда алынады

878

Үкімет 1, 2 млн тест сатып алу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді.

COVID-19-ға тест үй жағдайында және шақыруларда алынады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте науқастарды үй жағдайында емдеу туралы сөз қозғаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой учаскелік дәрігерлердің жаңа жұмыс тәртібін түсіндірді. 

"Қалыптасқан жағдайларда біз науқастарға үйде медициналық көмек көрсетуді барынша қауіпсіз деп санаймыз. Амбулаториялық-емханалық көмек дистанциялық жұмыс форматына ауыстырылады, учаскелер деңгейінде шамамен 3 мың мобильді бригада құру жоспарлануда. Олар медициналық қызметкерлердің пациенттердің үйіне баруын, COVID-19-ға тест алуды қамтамасыз етеді. Науқастарға кеңес беріп, ем тағайындайды. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдейді, сондай-ақ пациенттің жағдайына қашықтан мониторинг жүргізеді", – деді министр. 

Бұған қоса министр көпшілікті толғандырған тестілеу мәселесіне тоқталды. 

"Қазіргі кезде нарықта диагностикалық тесттің бірнеше түрі бар. Оның ішінде отандық өндірушілер шығарғанын да айтуға болады. Үкімет 1, 2 млн тест сатып алу үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бұл қор толықтырылып отырады", – деген министр елімізде 46 зертхана жұмыс істеп тұрғанын, тек Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтар күніне 10 мың сараптама жүргізе алатынын жеткізді. 

"Тамыздың соңына дейін қосымша 20 ПТР сараптама жасайтын жабдық алу жоспарланған. Бұл тексерістер санын 2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметкерлері шақырулар кезінде сынамалар алатын болады", – деді Алексей Цой. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу