Covid-19 кесірінен Батыс Африканы аштық жайлауы мүмкін

599

Бұл аймақта пандемия өршісе, азық-түлік бағасының көтерілуі ықтимал.

Covid-19 кесірінен Батыс Африканы аштық жайлауы мүмкін

БҰҰ індеттің салдары осындай болады деп отыр. Ұйымның осы аймаққа жауапты өкілі Кумба Соудың айтуынша, аштыққа душар болған тұрғындардың саны 50 миллионға көбеюі мүмкін.  

Ол сондай-ақ індеттен бөлек климат өзгерісі, шегірткелерден егіске төнген залал мен кей өңірдегі қарулы қақтығыстар онсыз да халықты титықтатып отырғанын жеткізді. Қазір Батыс Африкада 11 миллион адам азық-түлікке зәру. Егер пандемия өршісе және тиісті шаралар қабылданбаса, жазға дейін бұл көрсеткіш 17 миллионға дейін өседі деген пікірде Соу.

Ұйым өкілі індеттің азық-түлік бағасының көтерілуіне әкеліп соғатынын және  оның зардабын тағы 50 миллион адам тартатынын мәлім етті. Сөзінше, бұл фактор әсіресе  әйелдер, балалар, фермерлер мен көшпенді малшыларға ауыр соққы болмақ.Соңғы мәлімет бойынша, Батыс Африкада шамамен 8 мың адам вирус жұқтырып, оның 200-ден астамы қайтыс болған екен.

Еске сала кетсек, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетті пандемия деп жариялады. Соңғы мәліметке сүйенсек, осы күнге дейін науқастардың саны 3 миллионға жетіп, 210 мыңы көз жұмған.

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу