COVID-19 пандемиясы мидың тез қартаюына әсер еткен

191

COVID-19 пандемиясы кезінде адамдардың миы әдеттегіден жылдамырақ қартайған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

COVID-19 пандемиясы мидың тез қартаюына әсер еткен Фото: canva

Бұл – 1 мыңға жуық адам қатысқан зерттеу нәтижесі. Ең қызығы мұндай өзгерістер коронавирус жұқтырмаған адамдарда да байқалған. Аталған зерттеу Nature Communications журналында жарияланды.

Ғалымдар мидағы өзгерістерді арнайы сканерлеу арқылы анықтаған. Жылдам қартаю белгілері, әсіресе, егде жастағы адамдарда, ер адамдар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан азаматтарда жиі тіркелген.

Дегенмен, когнитивтік (ойлау) қабілеттердің төмендеуі тек COVID-19 жұқтырған адамдарда байқалды. Бұл мидың жылдам қартаюы міндетті түрде ойлау мен жадының нашарлауына әкелмейтінін көрсетеді.

"Бұл зерттеу пандемия кезіндегі орта жағдайының психикалық және неврологиялық денсаулыққа қаншалықты әсер еткенін анық көрсетеді", дейді Гарвард медицина мектебінің биолог-зерттеушісі Махди Мокри.

Оның айтуынша, пандемия салдарынан болған мидың қартаюы қайтымды ма, жоқ па бұл әзірге белгісіз, өйткені зерттеу тек екі уақыт аралығындағы ми суреттерін салыстырумен шектелген.

Зерттеуді жүргізген Мохаммади-Неджад бастаған ғылыми топ Ұлыбританиядағы UK Biobank мәліметтер базасына жүгінген.

Бұл – 2006 жылы құрылған, 500 мың еріктінің денсаулығына қатысты деректері жинақталған ірі медициналық база. Солардың ішінде 15 334 адамның пандемияға дейінгі мәліметтері қалыпты ми қартаюының үлгісін жасау үшін қолданылған.

Зерттеуге 996 адам қатысып, олар екі мәрте сканерлеуден өтті. Оның ішінде 564 адамның екі сканерлеуі де пандемияға дейін жүргізілген. Бұл жасанды интеллектке қалыпты жағдайдағы ми өзгерістерін "үйретуге" мүмкіндік берді. Ал қалған 432 адам екінші сканерлеуден 2021-2022 жылдары өткен, яғни пандемия кезіндегі ми өзгерістері зерттелген.

Нәтижесінде, пандемия кезінде адамдардың миы екі жылда күткеннен 5,5 айға артық "қартайғаны" анықталды. COVID-19 жұқтырған адамдарда ақпаратты өңдеу жылдамдығы мен ойлау икемділігі секілді қабілеттердің төмендеуі де байқалған.

"Мидың қартаюы әсіресе ер адамдар мен әлеуметтік жағдайы төмен адамдар арасында көбірек тіркелді. Бұл мидың жағдайы тек ауруға емес, адамның өмірлік тәжірибесіне де тәуелді екенін көрсетеді", дейді Мохаммади-Неджад.

Ғалымдардың айтуынша, ерлер мен әйелдер арасындағы ми қартаюындағы айырмашылық орта есеппен 2,5 ай болған.

Бұл өзгерістерге локдаундар кезіндегі стресс, әлеуметтік оқшаулау және инфекция жұқтырудан қорқу сияқты факторлар да әсер еткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу