Д.Құдайбергеннің бомбері, Ш.Рахмоновтың футболкасы сатылған: ШҚО-да қайырымдылық балы өтті

415

Шығыс Қазақстан облысында "Ізгі көктем" қайырымдылық балы өтіп, 30 млн теңгеге жуық қаражат жиналды.  

Д.Құдайбергеннің бомбері, Ш.Рахмоновтың футболкасы сатылған: ШҚО-да қайырымдылық балы өтті Фото: «Niet woman» ҚБ

"Niet woman" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған қайырымдылық балына облыстағы меценаттар, ірі кәсіпорын басшылары, қоғам белсенділері мен жанашыр жандар қатысты, деп жазады inbusiness.kz.

Жыл сайын көктем мезгілінің басында өткізілетін шараның мақсаты – мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымды іс жасау.

"Бұл қайырымдылық балы жыл сайын жаймашуақ көктемнің алғашқы күнінде ұйымдастырылады. Кештен жиналған қаражат аутизмге шалдыққан, ментальді ауытқуы бар балаларды оңалтуға жұмсалады. Мәселен, бүгінгі кештен түскен қаржыны "Блю фокс" сауықтыру орталығында жатқан 14 баланың еміне төлеуге және осы орталыққа қажетті құрылғылар алуға жұмсаймыз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі спортшыларға, талантты балаларға, болашақта әлеуметтік кәсіпкер болуға ниеті бар жандарға қолдау көрсету үшін бөлінеді", - дейді "Niet Woman" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Рамазанова.

Биылғы балда жиналатын қаржы адаптивті спорт орталығында тәрбиеленетін аутизм диагнозы бар балаларды қолдауға, "Тең-теңімен" жобасы аясында параолимпиадалық үстел теннисі командасының спортшыларына және "Жарқын болашақ" әлеуметтік қайырымдылық жобасына бөлінеді.

Демеушілік танытқан кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерден жиналған қаржыдан бөлек, қайырымдылық кешінде аукцион өткізіліп, түрлі заттар сатылымға қойылды. Оның ішінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің сахнаға киген бомбері, UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың қолтаңбасы қойылған футболкасы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың кроссовкасы болды. Осылайша, барлығы 30 млн теңгеге жуық қаражат жиналды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу