АҚШ президенті Дональд Трамп Канадамен арадағы шекараны белгілейтін келісімді мойындамайтынын, құжатты қайта қарауға ниетті екенін айтты. Бұл туралы MSN жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Трамп Канада премьер-министрі Джастин Трюдомен сөйлескен сөзінде екі елдің шекарасын демаркациялау туралы келісімнің жарамсыз екенін, құжатпен қайта танысқысы келетінін айтқан.
Бұдан басқа Ақ үй басшысы екі мемлекет арасындағы көлдер мен өзендерді бірлесіп пайдалану туралы келісімдерді қайта қарауға қызығушылық танытқан. Бүгінгі таңда бұл мәселе екіжақты келісімдермен реттеледі. Тиісті келісім 1908 жылы жасалған. Құжатта Канада мен АҚШ арасындағы халықаралық шекара белгіленген.
Осы аптада АҚШ Канада тауарларына 25% баж салығын енгізді. Канада қарымта жауап ретінде америкалық тауарларға да осындай санкция енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Кейін Трамп Канада тауарларына баж салығын тағы 25%-ға көтеруі мүмкін екенін мәлімдеді.