Дағдарысқа қарсы шаралараға қосымша 50 млрд теңге бөлінді

1046

Бұл соманың дұрыс жұмсалуына бірнеше ведомство жауапты.  

Дағдарысқа қарсы шаралараға қосымша 50 млрд теңге бөлінді

Мәжілістің жалпы отырысында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру туралы баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай деп мәлімдеді. 

"Бағдарламаға 2017 жылдан бастап 2 млн-нан астам адам қатысқан. Оның ішінде биыл 430 мың адам бар. 956 мың адамға бірден жұмысқа тұруға көмек көрсетсек, 1 млн-нан астам адамға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары ұсынылған. 395 мың адам әртүрлі оқумен қамтылып, 111 мың адам жеңілдетілген шағын несие мен гранттар арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау алды. Олар өз кезегінде 42 мың жаңа жұмыс орнын ашты. 600 мыңға жуық адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы жұмыспен қамтылды. Белсенді шаралар көрсетілгеннен кейін 269 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқанын да атап өткен жөн", – деді министр. 

Біржан Нұрымбетов 2017 жылдан бастап бағдарламаға 4 жылға 540 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Бұған қоса биыл дағдарысқа қатысты қосымша 50 млрд теңге бөлінген. Министр бұл сома жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс және гранттарға арналған шығындар екенін ашып айтты. Бұған қоса ол аталған қаражаттың дұрыс жұмсалуына бірнеше ведомство жауапты екенін ескертті. 

"Бағдарламада оны іске асыру және қаржыландыру жағынан жауапкершілік бірнеше ведомствоға нақты бөлінгенін атап өткім келеді. Бюджеттік әкімші ретінде қаражаттың 52%-ына біздің министрлік жауапты. Несие беру бойынша 25% жауапкершілік  Ауыл шаруашылығы министрлігіне артылған, ал 5 %-ы - Ұлттық экономика министрлігіне жүктелсе, 13%-ы - Білім және ғылым министрлігіне және 5%-ы - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиесілі",  деді Біржан Нұрымбетов.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу