Кеше ғана Дағыстанның Дербент ауданында орналасқан Геджух бөгеті жарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта эвакуацияланғандардың басым бөлігі туыстарының үйлеріне орналастырылған. 100-ге жуық адам уақытша орналастыру орталықтарына, тағы 8 адамның ауруханаға жіберілгені мәлім болды. Тасқын су бірнеше көлікті жолдан ығыстырған.
ТЖМ мәліметінше, 4 сәуірдің өзінде 1 000-нан аса тұрғын үй мен бау-бақша аумақтары су астында қалған.
Роспотребнадзор су тасқыны мен А гепатиті өршу қаупіне байланысты Дағыстанда шұғыл иммундау да басталған. Құтқарушылар суға ағып кеткен адамдарды күн-түн демей іздеп жатыр.
Жергілікті тұрғындар мен құтқарушылар да әрекет жасап жатыр. Адамдар көліктерін тастап, өз күштерімен қауіпсіз жерге баруға қадам жасауда.
– Қажетті шаралар қабылданып жатыр, адамдарды шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, – деді төтеншеліктер.
Дағыстанда су тасқыны тұрғын үйлерге, тұрмыстық техникаға, жиһазға және автокөліктерге зор зиян келтірді. Махачкала тұрғындары әр сәт сайын электр жарығы мен су тапшылығына, қоғамдық көліктің тоқтауына және ТЖ қызметімен байланысудың қиындығына шағымданып жатыр. 5 сәуір күні Махачкалада үш қабатты көппәтерлі үй су тасқыны салдарынан қирады.
"Кавказский узел" табиғи апаттан ең қатты зардап шеккен аймақтар ретінде Дағыстан мен Шешенстан екенін жазады.
Дағыстан басшысы Сергей Меликовтің сөзінше, ең қиын жағдай Махачкала қаласы мен Қарабудахкент және Хасавюрт аудандарында қалыптасып отыр. Сонымен қатар, Кайтаг ауданының Кирки ауылында опырылған жерден бір үй толық қираса, тағы екі үй жартылай зақымданған.