"Дайын боксшылар промоутерлер үшін жақсы олжаға айналып бара жатыр"

808

Бокстан 81 келідегі Азия чемпионы Бек Нұрмағанбет кеше кәсіби бокстағы алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті. 

 "Дайын боксшылар промоутерлер үшін жақсы олжаға айналып бара жатыр"

Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев спортшының ұлттық құрамадан кеткенін мәлімдеді.

Оlympic.kz-ке берген сұхбатында бапкер көптеген талантты спортшылардың промоутерлердің жетегіне еріп, бірнеше жыл бойғы еңбек пен тәжірибені жоққа шығаратынын айтады. 

"Бек Нұрмағанбеттің кәсіби боксқа ауысқаны рас. Бұл спортшыны жасөспірім кезінен бері алға жетелеп келдік. Жастар құрамасында да оның аяқ алысын өзім қадағаладым. Өз қатарлары арасындағы мүмкін болған жарыстардың барлығына қатысып, жүлдемен оралып жүрді. 2019 жылы Азия чемпионатында топ жарғанын жанкүйер жақсы біледі. Бірақ жарақатына байланысты лицензиялық әлем чемпионатынан сырт қалған. Токио ойындарына Бекзад Нұрдәулетов жолдама алған соң, Бектің ойы өзгере бастады. Оның өзімен де, жеке бапкерімен де сөйлестім. Біразға дейін оны кәсіби боксқа жібергім келмеді. Олимпиадаға бармаса да, 2021 жылдың күзінде өтетін әлем біріншілігіне қатысып кеткенде дұрыс болар еді. Қандай ұсыныс айтсам да, келіспеді", – деп өкінішін білдірді бапкер.

Оның айтуынша, бір ғана спорт шеберін дайындап шығу үшін алты жыл уақыт керек. Ал ұлттық құрамаға қабылданып, оқу-жаттығу жиындарына тұрақты түрде қатысып, жасөспірім кезінен бастап білікті бапкерлер назарында болған боксшының дәл осылай кетіп қалғаны ауыр тиеді.

"Оған қаншама күш жұмсалды, қанша қаражат кетті. Дайын боксшылар промоутерлер үшін жақсы олжаға айналып бара жатыр. Өздері еш еңбек сіңірмейді, бірақ талантты спортшыларды атақпен, ақшамен қызықтырып, алып кетеді. Әрине, кәсіби бокста атой салса қуанамыз. Ол үшін мықты промоутерлік компания артыңда тұрғаны дұрыс. Әйтпесе, алғашқы екі-үш кездесуде өте әлсіз боксшыны төпелеп, кейін көрінбей кеткен боксшылар қаншама?! Жақында Талғат Шайкен атты жас талантымыз да кәсіби боксқа кетті. Оны екі жыл бойы тікелей өзім қадағаладым. Аргентинадағы жасөспірімдер Олимпиадасының финалына жетті. Ұлттық құрама сапында алысқа баратын жігіт еді. Ол да тыңдаған жоқ. Жалпы, біз талай жылымызды сарп етіп дайындаған боксшыларды енді жетілген шағында промоутерлердің алып кететіні өкінішті. Егер олар ұлттық құрамаға ораламыз десе, қарсы емеспіз. Бірақ команда қатарына қосылу үшін өздерін дәлелдеуге тиіс", – дейді бас бапкер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу