"Дайындалып келу керек": Ерлан Қошанов сұраққа жауап бере алмаған вице-министрге ескерту жасады

927

Депутаттың сұраққа жауап ала алмағанына көңілі толмады. 

"Дайындалып келу керек": Ерлан Қошанов сұраққа жауап бере алмаған вице-министрге ескерту жасады Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев елімізде киік санының шамадан тыс көбеюін реттеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Күні кеше ғана Ақтөбе және Қостанай облыстарынан Торғай, Ырғыз өңіріндегі 116 шаруа қожалығы басшылары қол қойған ұжымдық өтініш келіп түсті. Олар екі мәселені көтеріп отыр. Біріншісі – киік мәселесі. 20 жыл бұрын киіктің саны 21 мың болса, қазір 4 млн-ға жеткен. Бұл, әрине, экологиялық жетістік. Бірақ бұл жетістікті басқармаса, ертең бір дағдарысқа әкелетін түрі бар. Қазірдің өзінде егістік жерлер жаппай тапталуда, шабындықтар жойылуда, мал азығы тапшылығы туындап отыр. Шаруашылықтар нақты экономикалық шығынға ұшырап жатыр. Соған қарамастан Үкімет тарапынан нақты реттеу тетіктері енгізілмеген. Киіктердің көші-қон бағыттары заңдастырылмаған, инфрақұрылымдық шешімдер қабылданбаған", – деді депутат.  

Берік Бейсенғалиев "Үкімет киік популяциясының шамадан тыс өсуін ұлттық деңгейдегі тәуекел ретінде ресми мойындай ма" деп сұрады.

"Киіктердің кесірінен нақты шығынға ұшыраған шаруашылықтарға неге өтемақы төлеу механизмі енгізілмеген?", – деп нақтылады мәжілісмен.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев бұл сауалдарға жауапты жазбаша беруге рұқсат сұрады.

"Негізі нақты сұрақтар қойылды. Оған дайындалып келу керек қой", – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Ал депутат Берік Бейсенғалиев сұраққа жауап ала алмағанына көңілі толмай отырғанын жеткізді.

"Киіктердің мәселесі көптен бері қаралып жатыр. Министрлік өкілі оған жауап береді деп ойлағанбыз. Күнде қарап отырған шаруаларыңыз ғой", – деп атап өтті мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу