Қазақстанда ішкі сауданы дамытуға, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және халық үшін азық-түлік тауарларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған "Дала дәмі" республикалық жобасы жүзеге асырылуда.
Кезекті кезең аясында еліміз бойынша 4 700 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімі ұсынылды. Оның ішінде шамамен 1 500 тоннаға жуығы Астана қаласына тиесілі. Мұнда тұтынушыларға ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидектерді және басқа да азық-түлік тауарларын қамтитын отандық өнімдердің кең ассортименті ұсынылған.
Жобаның басты ерекшелігі – тауардың өндірушілерден тікелей тұтынушыларға жеткізілуі. Бұл делдардар санын қысқартуға және өңіраралық сауданы дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сауда орындары тегін беріледі. Бұл фермерлердің жәрмеңкеге қатысуына және өз өнімдерін өткізуіне қосымша мүмкіндік береді.
Жоба Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірін қамтиды.