Далада маска тақпағандар айыппұл төлейді – бас санитар дәрігер

992

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 43-ші қаулысында жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және утилизациялау тәртібі жазылған.  

Далада маска тақпағандар айыппұл төлейді – бас санитар дәрігер

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова карантин кезінде далада бетперде тағу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Карантин жағдайында жабық үй-жайда және далада бетперде тағу – міндет. Осыған байланысты тиісті талаптар қойылады. Ал осы талаптарды бұзған адамдар жауапқа тартылады", – деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Бас санитардың айтуынша, бетперде коронавирустан қорғайды. Оны ғалымдар дәлелдеген. Оған қоса, адам күніне бірнеше рет бетін ұстайды. Оны өзі де байқамайды. Осындайда вирус тыныс алу жолдары арқылы кіріп кетуі мүмкін. Ал бетперде таққан адам бетін ұстаса да, қолдағы инфекцияның жұғу қаупі төмен болады. Осы орайда бас санитар дәрігер бетперде тағуды қай қаулы міндеттейтінін де айтты.  

"2020 жылдың 26 маусымында шыққан 43-ші қаулы бар. Сол құжатта жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және утилизациялау тәртібі жазылған. Сондай-ақ, бетпердені жабық үй-жайда және далада тағу міндеттелген. Санитарлық ережелер де сондай талап қойып отыр", –  деп атап өтті Есмағамбетова.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы уақытқа дейін республика бойынша 4,5 мың тәртіп бұзушылық анықталды. Соның төрттен бірі – бетперде тағу режимін бұзу фактілері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу