DamuMed ісімен мемлекеттік органдар айналысып жатыр

802

Азаматтар алмаған медициналық қызметтердің "алды" деп жазылғанына таңданыс білдірген.

DamuMed ісімен мемлекеттік органдар айналысып жатыр

Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева және "Астана – адалдық алаңы" жобасының жетекшісі, елорда әкімінің кеңесшісі, қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов карантин кезіндегі қоғамдық бақылау мәселесін талқылады.

Елорда мәслихатының депутаты сөзінде қоғам белсенділері мен олардың азаматтық ұстанымының арқасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер мен жүйенің осал жерлері айқындалып жатқанын ерекше айта отырып, қоғамда кең тараған бір мысал келтіре кетті.

"DamuMed қосымшасына қатысты болған жағдай мүлде ақылға қонымсыз. Еліміздің көптеген тұрғыны өздеріне беймәлім, бұрын-соңды көрсетілмеген медициналық қызметтерді пайдаланғаны жайлы осы қосымшадан кездейсоқ біліп қалды. Кейбір азаматтар емханаға мүлде бармаған. Олар алмаған медициналық қызметтердің "алды" деп жазылғанына таңданыс білдіруде. Соңы үлкен дау-дамайға ұласты. Қазір бұл іспен мемлекеттік органдар айналысып жатыр. Тиісті шешім шығарылады. Егер заңның бұзылғаны, сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілер анықталса, қылмыстық іс қозғалады", – деп мәлім етті Мирас Шекенов.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева алдымен бұл мәселенің ақ-қарасын ажыратып алу қажет екенін айтты.

"Бұл мәселені түбегейлі зерттеу керек. Іс жүзінде болмаған қабылдауды жазудың қажеті қанша? Мүмкін, медициналық мекемелердің шығындарын Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры төлейтінінен шығар? Дәл кесіп айту қиын. Тергеу жүргізу керек. Қоғам белсенділері осы мәселеге көңіл аударғаны жақсы болды", – деді Снежанна Имашева.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу