Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Қытайдың шектеулерді алуынан туындаған оптимизм және әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатын күшейтуінің ертерек аяқталуын күтумен қатар экономикалық өсу перспективаларының жақсаруы инвесторлардың күтулерін жақсартуға ықпал етті", – деді Берік Шолпанқұлов.
Айтуынша, 2023 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, дамыған елдердің акциялары (MSCI World) 7,0%-ға өсті, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 3,88%-дан 3,51%-ға дейін 37 базистік тармаққа төмендеді. Доллар индексі 1,4%-ға әлсіреді.
"Инфляция қарқынының қысқаруына қарамастан, орталық банктердің қатаң риторикасы сақталуда. Бірақ нарықтар 2023 жылдың соңына қарай ақша-кредит саясатының жеңілдеуін күтіп отыр. Алайда, макроэкономикалық деректер аралас күйінде қалды. Дамыған елдердегі экономикалық белсенділік төмен, еңбек нарығындағы көрсеткіштер жоғары болып қалуда", – деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.