Дана Нұржігіт әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасын әзірлеуді ұсынды

1302

Сенатор Дана Нұржігіт еліміз жастарының әскери-патриоттық тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Ол Премьер-Министрдің атына депутаттық сауалында жағдайды жақсартуға ықпал ететін бірқатар қадамдар ұсынды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Дана Нұржігіт әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасын әзірлеуді ұсынды Фото: egemen.kz

"Ұлттық рухани құндылықтармен, отаншыл сезімдермен суарылған бала ғана ертең мемлекеттің қауіпсіздігіне, тәуелсіздігіне алаңдайтын, Отанының болашағы үшін жауапкершілікті мойынына ала білетін азамат болып өседі. Ондай бала болашақта әскер қатарында білімді де білікті маман, антына адал сарбаз, қоғам мүддесін биік қоятын мемлекеттік қызметкер болады", – деді Дана Нұржігіт.

"Президент те соңғы Жолдауында патриоттық тәрбие туралы атап өтті" деп қоса кетті. Ол патриоттық тәрбие – баршаға ортақ іс екеніне тоқтала келіп, барлық мемлекеттік органдар осы жұмысқа жұмылуы тиіс екенін атап өтті. Сенатор осы мақсатта жеке заң жобасын әзірлеуді және үйлестіру органын белгілеу қажеттігін айтты.

"Бүгінде патриоттық тәрбие беру жүйесінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесі, рөлі, орны, мақсаты және патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізетін үйлестіруші органның құрылуы заңнамалық тұрғыда айқындалмаған. Әрбір мемлекеттік органның, ведомстваның, ұйымның қызметтерінің бір тармағы патриоттық тәрбиеге бағытталуы тиіс екені көрсетілмеген. Бұл мәселенің заң бойынша реттелмеуі қоғамдық ұйымдардың, патриоттық клубтардың материалды-техникалық базасына да әсер етіп отыр", – деді сенатор.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу