ШҚО-да тағы бір құс фабрикасы салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін облысқа ресми сапармен келген Шыңжан Ұйғыр автономиясы, Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чжао Чунцзюмен кездесуде аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды altaynews.kz.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысы агросектордегі әріптестік аса маңызды екенін жеткізіп, қонақтар назарына бірнеше жобаны ұсынды.
"Облысымызда жаңа құс фабрикасын салуды жоспарлаудамыз. Бұл – ауқымды жоба. Аталмыш мақсатқа 40 мың гектар жер бөлеміз. Тағы 300 гектарға жуық телімде фабриканың негізгі базасы орналасатын болады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 30 мың тонна құс етін өндіруге тиіс. Міне, осы бір жобаны жүзеге асыруға сіздер де атсалыссаңыздар деген тілегіміз бар. Жалпы, біздің облыста ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жатқан бірнеше бірлескен қазақ-қытай кәсіпорыны бар. Мәселен, Көкпекті ауданында құрылған дәл осындай компанияның бірі бүгінде Қытай еліне балық өнімдерін экспорттаумен айналысуда. Сол сияқты Бесқарағай, Үржар аудандарында да бірлескен кәсіпорындарымыз нәтижелі жұмыс жүргізуде. Біз, сонымен қатар Қытайға ет өнімдерін экспорттауға мүдделіміз. Бұған әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді", – деген облыс әкімі Үрімжі мен Шәуешек қалалары аралығында салынған жаңа теміржол екі ел аймақ арасындағы байланысты бұдан сайын бекіте түсетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде шетелдік делегацияны бастап келген Чжао Чунцзю мырза аймақ басшысына шақыртуы үшін алғыс айтып, Шыңжан Ұйғыр автономиясы үшін Шығыс Қазақстан облысы негізгі стратегиялық әріптестердің бірі екенін жеткізді.
Кездесу барасында екі өңірдің білім, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы әріптестігі де сөз болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірқатар екіжақты хаттамаға қол қойды.