Даниал Ахметов Риддер әкімі орынбасарының адам қағуына қатысты пікір білдірді

863

Даниал Ахметов Риддер әкімі орынбасарының адам қағуына қатысты пікір білдірді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласы әкімі орынбасарының қатысы бар өткен жол-көлік оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Риддер қаласы әкімінің орынбасарына қатысты айтарым - шынында да, қайғылы жағдай. Ол кеше тұтқындалып, бүгінгі күні біздің құқық қорғау органдары қажетті процедураларды жүргізіп жатыр. Біз ол баланың әке-шешесіне қайғырып көңіл айттық, кешірім сұрадық. Жуық арада сот-тергеу жұмысының аяқталғанын күтеміз", - деп Даниал Ахметов үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берді.

Өңір басшысы өз сөзінде осы жағдайға келгенде жасыратын ештеңе жоқ екенін атап өтті.

"Біз бұл жағдайға қатысты ештеңені құпия еткіміз келмегенімізді тағы айтқым келеді. Менің тапсырмам бойынша ашық тергеу жұмыстары жүргізіледі, жуық арада жұмыс аяқталғаннан кейін ол туралы бәрі білетін болады", - деді Даниал Ахметов.

Еске сала кетсек, Риддерде дүйсенбіге қараған түні жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 19 жастағы жігіт көз жұмған еді. Бастапқы мәлімет бойынша, көліктің рулінде қала әкімінің орынбасары болғаны белгілі болған. Арада көп өтпей Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев аталған оқиғада жас жігітті қағып өлтірді деген күдікпен уақытша оқшаулағышқа қамалды.

Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер дапертаментінің басшысы Риддерде болған қайғылы оқиғаға қатысты кеше брифинг өткізіп, марқұмды жерлеу рәсімін Риддер қаласының әкімдігі толықтай өз мойнына алатынын мәлім етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу