Даниал Ахметов шекарадағы 5 ауданды дамытуға 218 млрд теңге жұмсамақ

1347

Өңірлік бағдарлама 2020 - 2024 жылдарға арналған.

Даниал Ахметов шекарадағы 5 ауданды дамытуға 218 млрд теңге жұмсамақ

Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Үржар аудандарының халқына тағы уәде берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Аталмыш аудандардың құрамында бұрын қысқартылып кеткен аудан орталықтары бар. Шекараның өтіндегі халық сол аудандар қайта құрылса деп соңғы жылдары жиі айтып жүр. Тіпті бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, жан-жақты зерделеуді тапсырған болатын. Алайда Даниал Ахметов әзірге бұрынғы аудандарды қайта құруға құлықсыз болып жүр. 

Даниал Ахметов өзінің есептік кездесуінде орталық пен шетте жатқан аймақтардың арасындағы айырмашылықты жою үшін Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Үржар аудандарында өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі кешенді жоспарлар қабылданғанын айтты.

"Тарбағатай, Күршім және Үржар аудандарының ауылдарына сумен жабдықтау желілері тартылды, 18 елдімекенде блокты-модульді станциялар орнатылды. Шекара маңындағы аудандар ауруханаларының перзентхана бөлімшелерін 2 деңгейге ауыстыру үшін 989 млн.теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. 2020 жылы барлығы 44 млрд теңгенің жобалары іске асырылды", - деген әкім биыл 4 көппәтерлі тұрғын үй, 8 су құбыры, 4 спорт кешені, 2 спорт модулі, 3 мәдениет объектісін салу жоспарда бар екенін жеткізді.

Сондай-ақ, 26 білім беру, 3 денсаулық сақтау, 4 спорт, 6 мәдениет объектісін жөндеу қарастырылған екен. 

"Жалпы, биыл жылы бес шекаралас ауданды дамытуға 59 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр. 12 су құбыры және 230 км астам жолдар мен көшелер жөнделетін болады" - деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу