Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"5 қараша күні сағат 20.00-де орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Соның салдарынан жылу тасығыштың температурасы +39°С дейін төмендеді (қалыпты температура мөлшері +70°С). Қазіргі уақытта Риддер қаласының 22 мыңнан астам абоненті үшін жылу беру азайтылды”, – деп жазды аймақ әкімі.
Соған сәйкес шұғыл түрде ақауды жою жөніндегі штаб құрылды. Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, орталыққа Согра және Өскемен ЖЭО, "Өскемен жылу желілері" АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
"ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді. Отынды жөнелту жалғасуда. Апатты жағдайды жою үшін "Қазмырыш" ЖШС ЖЭО-ға 20-дан астам қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар қарастырылды", – деді әкім.
Риддер қаласының білім бөлімінің бұйрығымен 7-11 қараша аралығында мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Ал балабақшалар жұмысын тоқтатты.
"Жағдай ерекше бақылауда. Риддер қаласын жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда", – деді Даниал Ахметов.