Даниал Ахметов уәде берген құрылыс әлі бітпеген

372

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауылында осыдан үш жыл бұрын басталған спорт кешенінің құрылысы әлі аяқталмады.

Даниал Ахметов уәде берген құрылыс әлі бітпеген Фото: Семён Лиходеев / ТАСС

Нысан бастапқыдағы жоба бойынша 2021-ші жылы шілде айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда, барлық жұмыстың тең жартысынан астамы ғана атқарылды деп, шағымданды ауыл тұрғындары, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Халықтың айтуынша, сақалды құрылысқа айналған кешенді сол кездегі облысты басқарған Даниал Ахметовтің өзі былтыр бітіртіп беремін  деп, уәде берген. Бірақ бұрынғы әкімнің сөзі іс жүзінде орындалмады.

Дене шынықтыру спорт кешенінің құрылысы 2020 жылы басталған. Құны жарты миллиард теңгеге жуық. Екі жыл бұрын ел игілігіне берілуі тиіс нысан енді қашан салынып бітетіні белгісіз.

"Соны біз тосып жүрміз. Өкінішке орай кішкене тоқтап қалды. Осы бітсе екен деп тілеп жүрміз. Бұл біз үшін де үлкендер үшін де өте жақсы деп ойлаймын", - дейді Марқакол ауылының тұрғыны Гүлбақыт Тақтанова.

Ғимарат қабырғасында тесік көп. Жаңа орнатылған терезелерінің өзі дұрыс жабылмайды. Жергілікті халық қысы қатты біздің өлкеде ертең бұл кешеннің ішін жылыту қиын болар деп, әлден күдіктеніп жүр.

"Сол кездегі облыс әкімі Ахметов Даниал Кенжетаевич келгенде мен ол кісіге сұрақ қойғанда ол кісі уәде берген. 2022 жылдың қараша, желтоқсан айында тапсырылады деп. Міне ана кісінің айтқанынан бері бір жыл өтіп кетті. Әлі тапсырылған жоқ. Мына жерде жұмыстың 60 пайыздайы істелінді. Оның өзінде бәрі қалай болса солай істелініп жатыр", - дейді Марқакол ауылының тұрғыны Гүлбақыт Тақтанова.

Қазір құрылыс басында бірнеше жұмысшы ғана жүр. Олардың өзі келіскен жұмысымызды аяқтаған соң кетеміз дейді. Ал мердігер ауыл әкіміне құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс уақытылы бітпегенін түсіндіріпті.

"Мердігерлер жылдың аяғына дейін бұны аяқтаймыз деген уәделерін беріп отыр. Біз күндегі ақпаратты, істеліп жатқан жұмыстарды жаңағы құрылыс бөліміне жіберіп, қарап отырмыз", - деді Марқакөл ауылының әкімі Рүстембек Кемешов.

Әкім бақылауымда дегенімен, жыл соңында нысан пайдалануға нақты беріледі  деп, уәде бере алмады. Себебі, құрылыс басталғалы ондағы жұмыс тоқтаусыз ұзақ уақыт жүрмеген. Ғимаратты тұрғызған құрылысшылар жиі ауысқан. Тіпті кейбіреулері еңбек ақыларын да ала алмай тастап кеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу