Дания АҚШ-қа бір мәселеде жол бермейтінін ашық айтты

Бұл – Гренландияны иемдену мәселесіне тікелей қатысты мәлімдеме. 

Дания АҚШ-қа бір мәселеде жол бермейтінін ашық айтты Фото: Polarpedia

CNS агенттігі Дания Премьер-министрі Метте Фредериксеннің 2 сәуірде әлемдегі ең үлкен аралға ресми сапармен барғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ол ел астанасы Нуук қаласында өткен баспасөз мәслихатында Гренландияға қатысты барлық тарапты бірлікке шақырған. Сондай-ақ, аралды АҚШ-тың бақылауға алынуына Дания үкіметі жол бермейтінін шегелеп айтты.

Фредериксен Гренландияның автономиялық үкіметімен сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелерін талқылаудың маңызды екенін мәлімдеді.

– Егер Гренландия қиын жағдайға тап болса, онда бұл – бүкіл Дания Корольдігі мен Еуропа үшін де күрделі мәселе деген сөз. Гренландия – сатылмайтын жер. Бұл – гренландиялықтардың жері. АҚШ бұл аралды өз бақылауына алмауы тиіс. Алдағы күндері біз осы ұстанымды бірлесіп халықаралық қауымдастыққа жеткізетін боламыз. Себебі, АҚШ тарапынан Гренландияға егемендік, шекара және болашаққа қатысты қысым көрсетіліп отыр. Біз бірлік танытуымыз қажет, – деді ол.

Айта кетейік, биыл 28 наурызда Гренландияда жаңа автономиялық үкімет құрылды. Сол күні АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс бастаған делегация Гренландияның солтүстігіндегі Питуфик ғарыш базасында болып, маңызды мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Гренландия – АҚШ үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақ. Сондықтан, Вашингтон Арктикадағы көшбасшылығын нығайтуы керек. Вэнс сол себепті "арал Данияның қорғауында емес, АҚШ-тың қауіпсіздік қолшатыры астында әлдеқайда сенімді болады" деген еді.

Гренландия Дания Корольдігіне қарайтын автономиялық аумақ саналады және ішкі істер мен жергілікті басқару жүйесінде жоғары дербестікке ие. Десе де, қорғаныс пен сыртқы саясат мәселелері – Дания үкіметінің құзырында.

Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет Гренландияны иемденгісі келетінін ашық мәлімдеді, тіпті керек болса, күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Ал Дания Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссен АҚШ әкімшілігін Гренландияны сынағаны үшін ренішін білдіріп, Копенгаген Арктика қауіпсіздігіне көбірек инвестиция салып жатқанын және АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық үшін ашық екенін мәлімдеген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу