Оқу дағдарысын еңсеру мақсатында Дания үкіметі маңызды қадамға барып, кітап сатуға салынатын 25 пайыздық салықты алып тастау туралы шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мәдениет министрі Якоб Энгель-Шмидттің айтуынша, бұл өзгеріс дүкен сөрелерінде кітаптардың қолжетімділігін арттырады деп күтілуде. Салықтан бас тарту ел бюджетіне жыл сайын шамамен 330 миллион крон (шамамен 44 миллион еуро) шығын әкелмек, бірақ министр мұны Данияның мәдени болашағына салынған инвестиция деп санайды.
– Бұл бастаманы қолға алу көптен бергі арманым еді. Егер біз оқу дағдарысын тоқтатқымыз келсе, батыл қадамдар жасауымыз керек. Мұндай қаржыны мәдениетке бөлудің маңыздылығына әріптестерімді көндіру оңай болмады, – деді Энгель-Шмидт Ritzau агенттігіне берген сұхбатында.
ЭЫДҰ деректері бойынша, соңғы он жылда Даниядағы жасөспірімдердің мәтінді түсіну көрсеткіші 4 пайызға төмендеген. Сарапшылар мұны гаджеттерге тәуелділік пен зейіннің төмендеуімен байланыстырады.
Айта кетейік, Норвегияда кітаптарға салық мүлде жоқ. Финляндияда ол – 14%, ал Швецияда бар болғаны 6% ғана.