Данияр Ақышев екінші деңгейлі банктерге не үшін қолдау көрсетілгендігін түсіндірді

879

 Данияр Ақышев екінші деңгейлі банктерге не үшін қолдау көрсетілгендігін түсіндірді

ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев 2017 жылы екінші деңгейлі банктерге не үшін мемлекеттік қолдау көрсетілгендігін түсіндірді, деп хабарлайды 7kun.kz.
"Банкті құтқару не құтқармау мәселесі оның шығыны барынша жоғары болып, акционердің капиталы салымшыларды мұнан арғы шығындардан қорғауға жетпеген кезде туындайды. Таңдау қызығарлық емес. Өйткені, жақсы мен өте жақсының арасында емес, жаман мен өте жаманның бірін таңдауға тура келеді. Дегенмен, әрекетсіздіктен гөрі таңдау жасаған дұрыс", – деді Данияр Ақышев "Делевой Казахстан" газетіне берген сұхбатында.
Сұхбат барысында ол 2016 жылы Ұлттық банк еліміздің шығыны мол бірнеше банктің несие қоржынына тексеру жасағандығын және Қазкоммерцбанкті құтқару үшін оған қайта капиталдандыру жүргізілгендігін атап өткен.
"Банк біз анықтаған барлық шығындарды мойындады, акционерлік капиталды толықтай шығынға жазды және мемлекеттік қолдауға ие болды. Осыдан кейін оны Халық банк сатып алып, қайта капиталдандырды", – деді ол.
Сонымен қатар ол Қазкоммерцбанкті мемлекет құтқармаған жағдайда қандай жағдай  болуы мүмкін екендігін де айтып берді.
"Біршама қиындық болар еді. Өйткені, банктің өзін ғана емес, ол жойылған жағдайдағы барлық ықтимал салдарды да ескеру қажет. Біздің банк жүйеміздің негізгі кредиторлары - қоғамдық сектор, яғни Қазақстанның мемлекеттік компаниялары, қоғамдық қорлар, БЖЗҚ. Олар қаражаттарын депозитте ұстайды және банк облигацияларына ие. Бұл шамамен банк жүйесін қорландырудың 30 пайызын құрайды. Қорландырудың 44 пайызы - халықтық жинақтар. 2007 жылмен салыстырғанда олардың арасында шетелдік кредиттер іс жүзінде жоқ десек те болады. Банк жойылған жағдайда олардың барлығы да қаржылық шығынға ұшырайды", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу