Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі жетілдіру туралы айтты, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті (АҚЖ), автокөлікті ерікті сақтандыру және өмірді сақтандыру барынша белсенді дамып келеді. Олар бойынша сақтандыру сыйлықақылары соңғы 5 жылда шамамен екі есе ұлғайды.
ҚР Ұлттық банкінің басшысы атап өткендей, Қазақстанның сақтандыру нарығын одан әрі жетілдіру мақсатында Ұлттық банк 2017 жылы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі, қазіргі кезде ол парламенттің қарауында жатыр.
"Заң жобасында онлайн-сақтандыруды енгізу үшін құқықтық негіз құру көзделген. Бұл сақтандыру қызметтерінің құнын төмендетуге және олардың географиялық қолжетімділігін кеңейтуге ықпал ететін болады. Онлайн-сақтандырудың негізгі элементі сақтандыру шарттары бойынша Бірыңғай сақтандыру дерекқоры болады. Ол бірыңғай есептік ұйым және сақтандыру шарттары бойынша "сақтау орны" болмақ", - деді "Қазақпаратқа" берген сұхбатында ол.
Сондай-ақ, қаржы реттеушісінің басшысы сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін заң жобасында сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар кешені көзделгенін атап өтті.
"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі шеңберінде сақтандырудың әлеуметтік маңызды сыныптары бойынша азаматтарды қорғау тетіктері көзделді. Дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында сақтандырудың барлық міндетті және ерікті сыныптары бойынша сақтандыру омбудсманы қызметінің аясы кеңейтілді. Заң жобасын қабылдау Қазақстанның сақтандыру нарығын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", - деп толықтырды Ақышев.