Данияр Ақышев криптовалютаға қатысты пікірін айтты

891

Данияр Ақышев криптовалютаға қатысты пікірін айтты

Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев "Деловой Казахстан" газетіне берген сұхбатында биткоиндар туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Ұлттық Банктің баспасөз қызметі.

"Криптовалюта мәселесіне қатысты белгілі бір дүрбелең бар немесе оны "хайп" деп айтады. Бұл биткоин бағасының өсуіне және осымен пайда табу ниетіне байланысты. Бірақ, криптовалютаның бағасы оған деген сенімге ғана негізделген сұраныспен және ұсыныспен айқындалатынын түсіну қажет. Оның бағасының өсуі немесе құлдырауы әртүрлі ақпараттық себептерге және нарықтағы әлдебір күтулерге қатысты болады", - деді Ақышев сұхбат барысында. 

"Сондықтан криптовалюталар нарығында бағалар үнемі құбылып тұрады. Жағымсыз жаңалық аздаған уақыт ішінде криптовалютаның бағамын 7-10%-ға құлдыратуы, жағымды жаңалық бағаны өсіруі мүмкін. Яғни, бұл салада тәуекел жоғары болады, онда мүлдем ешкім де, оның ішінде мемлекет те салынған ақшаға кепілдік бермейді және операцияларға қатысушылардың жосықсыз іс-әрекетінен қорғана да алмайсың", - деп ескертті бас банк төрағасы.

Ол сөзін жалғастыра отырып, криптовалюталарды орталықтандырылған реттеу және бақылау тетіктерінің жоқ екенін атап өтті.

"Олардың реттелуі мүмкін эмитенті жоқ және трансшекаралық сипаты бар. Әлемде криптовалюталардың айналысын және пайдаланылуын реттеудің бірыңғай немесе эталондық құқық қолдану практикасы жоқ. Сондықтан мәселені барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, оның ішінде құқық қорғау және фискалдық органдардың жан-жақты талдауы және зерттеу талап етіледі", - деп мәлімдеді Данияр Ақышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу