Данияр Ақышев проблемалы үш банк туралы айтты

666

Данияр Ақышев проблемалы үш банк туралы айтты

Биыл үш банк – ЭксимБанк, Астана банкі және Qazaq Banki-нің клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақытында орындамауына байланысты жаңа депозиттер қабылдау, үш ай мерзімге жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу бойынша лицензиялары тоқтатылды. Бұл туралы бүгін ҚР парламенті сенатының отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.

Ол қазіргі кезде ЭксимБанктің, Qazaq Banki мен Астана банкінің өтімділіктің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуде тығырыққа тіреліп отырғандығын және үш банкте де клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақтылы орындау шектеулі екендігін айтып өтті.

"Аталған банктердің клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін орындауы үшін жеткілікті ақша қаражатын түрлендірмеген несие портфелдерінің нашар сапасы олардың лицензияларын тоқтата тұруға және қайтарып алуға байланысты орын алған жағдайдың басты себебі болып табылады. Әдетте, проблемалы банктер жақсы кредит бермейді. Олардың несие портфельдерінің өсуінен капитал қоры күшеймейді. Олардың тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару стандарттарын жоғары деп те айта алмаймыз, ал несие портфелінің сапасы барынша төмен күйінде қалып отыр", - деп түсіндірді Данияр Ақышев

"Біз ЭксимБанктің, Qazaq Banki мен Астана банкінің қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіп, банктердің менеджментімен және акционерлерімен жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - деді Ақышев.

Сөз соңында ол Қазақстан Ұлттық банкінің депозиттерді қабылдауға лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушылары болып табылатынын еске салды.

"Жеке тұлғалардың салымдары, ақшасы мен төлем карточкалары және банк шоттары 10 млн теңгеге дейінгі сомада депозиттерге кепілдік беру жүйесімен қорғалған", - деді Данияр Ақышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу