Данияр Елеусінов кәсіпқой рингтегі алтыншы жекпе-жегінде жеңіске жетті

932

 Биыл боксшы чемпиондық белдіктер үшін айқаса бастамақ.

Данияр Елеусінов кәсіпқой рингтегі алтыншы жекпе-жегінде жеңіске жетті

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (5-0, 3 КО) кәсіпқой рингтегі алтыншы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Елеусінов АҚШ-тың Филадельфия қаласында бүгін таңсәріде өткен бокс кешінің андеркартында өнер көрсетті. Олимпиада чемпионының қарсыласы 36 жастағы мексикалық Сильверио Ортис (37-23, 18 КО) болды. Жартылай орта салмақтағы айқас сегіз раундтан тұрды. Нәтижесінде ол төрешілердің бірауызды шешімімен ұпай саны бойынша Даниярдың пайдасына аяқталды. Осылайша, қазақстандық боксшы профи-рингте алтыншы рет жеңіске жетті. Ол алдыңғы үш жекпе-жегін нокаутпен аяқтаған болатын. Сильверио Ортис болса, өз мансабында 24-інші рет жеңілді.

Еске салайық, Данияр Елесуінов кәсіпқой боксшы ретінде алғаш рет өткен жылдың сәуір айында жұдырықтасқан болатын. Биыл чемпиондық белдіктер үшін айқаса бастайтыны күтілуде. Даниярдың айтуынша, мексикалық қарсыласын нокаутқа жіберуге мүмкіндік болған.

"Инсайдта жұмыс істеп, алға көбірек ұмтылу – мен үшін жаңаша әдіс болды. Мен бапкерлік штабты ауыстырдым және Кори Спинкс менімен бір ай көлемінде жұмыс істеді. Жетінші раундта оны нокаутқа жіберуге мүмкіндік болды. Оған қысым көрсете бастадым. Оның соққыларын ұстап қалып, контратакаға жиі баруым керек еді. Сондай-ақ инсайдтағы қорғанысқа да мән беруім қажет еді", – деп келтіреді оның сөзін The Ring журналы.

Қазақстандық боксшының алтыншы айқасына қатысты пікірін Кори Спинкс те білдірді.

"Данияр мені тыңдай білетінін көрсетті. Ол әлі де дайындық үстінде. Онымен жұмыс істегеніме бір ай ғана болды. Оны әуесқой стильден арылтып, соққыларын анағұрлым қуатты етуге тырысып жатырмын. Ол өте талантты жігіт. Барлық атрибуттарын толыққанды қолданғанын көргім келеді", – деді Спикс The Ring-пен сұхбатында.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу