Нұр-Сұлтанда өткен жылы орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, оның орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің қолбасшылары, ардагерлер, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың ерлік жолы, оның Қазақстанның азаматтық және әскери авиациясын дамытуға, елдің мәдени нысандары мен индустриялық инфрақұрылымын салуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
– Авиация генерал-майоры Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтың өмір жолы – ХХ ғасырдағы сұрапыл соғыстың ошағынан өткен батырлықтың, қажымас қайраттың, табандылықтың айқын үлгісі. Біз, батырдың ізін басып келе жатқан ұрпақ және жас буын қазақ халқының батыр ұлының жанқиярлығын мақтан етіп, ерлігін жадымызда мәңгі сақтаймыз, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Осы күні Ақтөбе қаласының Әуе қорғанысы күштері әскери институтындағы Әскери даңқ мұражайында экспозиция ашылды. Онда Бигелдиновтар отбасының жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер, батыр өмірінің кей сәттерінен естелік-жәдігерлер қойылған.
Әуе қорғанысы күштері әскери институты басшылығының айтуынша, мұражай ақтөбеліктерді және Орталық Азиядағы жалғыз әскери ұшқыштар дайындайтын институттың курсанттарын тәрбиелеуге ықпал етеді.
Ғасырлық мерейтойға орай Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов Қарулы күштердің Орталық әскери-тарихи музейіне елордада орнатылған Талғат Бигелдинов ескерткішінің шағын көшірмесін тапсырады. Салмағы 25 келіден асатын жарты метрлік мүсін қоладан құйылғанын айта кеткен жөн.