Алматы облысында Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар 6 айдан бері комада жатыр. Науқастың анасы Гүлсім Қамиева ұлының еденге тайып құлап, жарақат алғанына сенбейтінін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, сарбаз алғашында ауруханаға түскен кезде есін жиып, өзін ұрғанын басын изеп, растаған. Ал кейін жігітке дәрігерлер ата-анасының рұқсатынсыз тағы ота жасап, миының жарты бөлігін алып тастаған екен. “Тіпті тергеу де жүріп жатқан жоқ” деген жігіттің анасы мен адвокаты істің әділ шешілуін талап етіп отыр.
Бұл жағдай орын алмағанға дейін Ербаянның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған екен.
“Балам өз-өзін дәретханада ұрғыламаған шығар? Тіпті құлаған жағдайда да адамда қорғану реакциясы жүріп, қолымен, шынтағымен, иығымен тірейді ғой. Олар ұрған ғой! “Неге ертегі айтып тұрсыңдар?” деп айттым. Олар маған ұлымның әжетханаға кіріп, алдымен үлкен дәретке, кейін кіші дәретке отырғаннан кейін құлағанын айтты. Мен сенбеймін. Сол күні оқиға орнында болған сарбаз Жұмабековтың қалай қобалжып сөйлегені көрініп тұрды. Ол қалшылдап қорқып, дірілдеп тұрды. Ал сол мән-жайдың басы қасында болған сержант Совет Сайлаубек болса, Жұмабековтың айтқандарымен келіспейтін дүниелерді айтты. Тіпті оның алдында Жұмабеков те қорқып тұрды. Меніңше, бұл жағдайға сержант Сайлаубек кінәлі ”, – деп қосты сарбаздың анасы.
Гүлсім кейін камерадағы кадрларды қарағанын да алға тартты.
Ал адвокат Инга Иманбаева әскерилер тарапынан Ербаянның ата-анасына қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Олар ауыр қалдегі, жолға тіптен жарамайтын жігітті Астанаға әскери ауруханаға апаруға мәжбүрлеп жатыр екен. Тіпті қазір жігіт ем алып жатқан №12 аурухананың өзі егер баланы ауыстырмаса қарамай, емханадан шығаратынын айтып отыр.
Адвокат пен анасы бұл істі тергеуге алып, Ербаянның 12-ауруханада қалып ем алуын сұрауда.