"Дәретін ішкізіп, нәжісін жегізді": Асыранды балаларын азаптаған шымкенттік емшінің тұңғышы шындықты жайып салды

2845

Ақталған әкеге ме, әлде жәбір көрген балаға сенеміз бе?

"Дәретін ішкізіп, нәжісін жегізді": Асыранды балаларын азаптаған шымкенттік емшінің тұңғышы шындықты жайып салды Фото: inbusiness.kz

"Балаларын азаптады" деп айыпталған Шымкенттік емшінің тұңғышы “Көреміз” бағдарламасына әкесінен көрген қорлығын айтып берді. Бірі ақталып, бірі айыпталып жатқан іске қатысты елдің пікірі де түрлене бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы, Көкбұлақ ауылында емші Ұлықбек Сманов балалар үйінен алты баланы асырап алып, үш жыл бойы қорлап келген. Асырап алған ата-анасынан адам айтса сенгісіз қорлық көрген балалардың үлкені біраз шындығын айтып берді.  

“Бауырларыма дәретін ішкізіп, нәжісін жегізді”

“Әкем жиі қол көтеретін. Қойлар жоғалса, мені ұратын. Таңда тұрғызып, малға шөп салғызатын. Басымды жарып, өзінің дәретін ішкізді. Ол үйде жүре бергенде менің жағдайым қиын болатын. Күн сайын ауыр жұмыстар істеткізетін. тек сабаққа кеткенде ғана сәл демалатын едік. Сабақтан келген бойда малдың шөбін салып, қораға кіргізетін. Қыста малдар өліп қалса, етін бізге сойып беретін. Бәріне бізді кінәлайтын. Малға бірдеңе болса бізді таяқтың астына алады. Бір күні өлген иттің етін де жегізді. Үйдегі төрт баланың қолын байлап қояды. Жан-жаққа кетіп, ойнап кетпеуі үшін қолдары байлаулы жүретін. Көрші адамдар көрді. Бауырларым дәретін жіберіп қойса, нәжісін жегізетін еді”, – деп жан сырын ақтарды оқушы бала.

 “Бала асыра сілтеп айтқан шығар?!”

16 жастағы баланың бойындағы өзгерістерді мектептегі сыныптастары да мұғалімдері де байқамаған. Тіпті ата-аналар жиналысына келіп отырған әкенің де психикалық сырқатын сезбеген.

“Қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын бала білдірткен жоқ. Ата-анасы жиі хабарласып, баласының оқу үлгерімін сұрап тұратын. “Бүгін тамақ ішпей кетті” деп ақша да аударғанын көрдім. Ата-анасы үзбей келіп тұрады. Әкесі де белсенді ата-аналардың қатарында. Бала асыра сілтеп айтты ма деп тұрмын. Әйтпесе қорлық көріп жүрген бала бірдеңені сездіретін”, – деді сынып жетекшісі Гүлнәр Әбішова.

Бағдарлама ұжымы мәселенің ақ-қарасына көз жеткізу үшін емшінің туысқандарымен де тілдесті.

 “Дәлел болмаса, айтқанына сенбейміз”

“Ол ашушаң емес. Бәріміз сол үйде өстік. Ағамыз қара шаңырақта қалды. Қарындастарым да сол үйде тұрды. Балажан еді. Ондай өрескел қылық көрмедік. Таңғы төртте малдың соңына салды дегенге сенбеймін. Ағамыздың етегінде екі-үш баласы жүретін. Мал шаруашылығымен айналысты. Дүре соқты деген сөзіне сенбеймін. Тамақ бермейді дегені де өтірік. Балаларға жеткілікті материалдық жағдай жасалмаған шығар, бірақ аш қалдырды дегені – жалған. Мен қарама-қарсы үйде тұрамын. Ондай оқиғаларды еститін едім. Зәрін берді, нәжісін жегізді дегені тіпті сұмдық. Қазір ешкім дәлел болмаса сенбейді. Әулетімізге ауыр айып тағылып отыр”, – деді емшінің туған інісі Нұрбол Сманов.

Еске салайық, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының хабарлауынша, Смановқа қатысты тергеу аяқталды.

Сот шешімімен бала асырап алу мен қамқоршылық жойылған бойда балалар әртүрлі қалалардағы балалар үйіне жіберіледі. Асырап алынған балалардың тағдырына немқұрайлы қарағаны үшін қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлеріне шара қолданылады деп үміттенеміз. Өйткені мұндай шенеуніктердің әрекетсіздігінен балаларды қорғау нөлге дейін төмендейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу