60 келіде сынға түсетін қазақстандық Дархан Асаділов шілде айында олимпиадалық салмақтың көшін бастап тұр, деп жазады Olympic.kz.
Азия ойындары мен ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы, сондай-ақ, каратэден әлем чемпионатының жүлдегері Дархан Асаділов өз салмағында бірінші орынға шықты. Ол италиялық Анджело Кречензо мен франциялық Стевен Дакостаны артта қалдырған.
Дарханның маусым айында Шанхай (Қытай) мен Монреалда (Канада) өткен Премьер-лига және А сериясы аясындағы турнирде топ жарған болатын. Асаділовтің бұл жетістігі рейтингте көш бастауға мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, каратэден Олимпиада ойындарына лицензия тарататын жарыстар тізбегі келесі жылдың мамырына дейін жалғасады. Олимпиадалық салмақ дәрежелерінде үздік төрттікке енген спортшылар Токио ойындарына тікелей жолдама алады.