Дархан Қыдырәлі 16 жасар Шерзаттың өліміне қатысы барлардың бәрін жазалауды сұрады

351

Халық қалаулысы жазаны бір адамның мойнына ілмеу керек деген пікірде. 

Дархан Қыдырәлі 16 жасар Шерзаттың өліміне қатысы барлардың бәрін жазалауды сұрады Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатор Дархан Қыдырәлі барлық өңірде жастар саясаты бойынша басқармаларды қайта құруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат Бас прокуратураның мәліметіне сүйене отырып, биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында артқанын жеткізді.

"Мәселен, 2023 жылы Келес ауданында жаппай төбелес салдарынан 9-сынып оқушысы қайтыс болды. Ақтөбеде топ балалар 16 жасар оқушыны тепкілеп өлтірді, Алматыда еріккен адамдар ересек адамды ұрып кетті, Зайсанда қыздар аяусыз төбелесіп жүрсе, Қызылордада зорланған қыздың тағдыры баршаны алаңдатты. Кеше ғана Ақтауда желіккен топтың төбелесі желіге таралды. Талғардағы жантүршігерлік оқиғада елеріп алғандар бір шөлмек сыраға бола 16 жасар Шерзатты өлтіріп кетті. Адам өмірі осыншама құнсыз болғаны ма?! Осындай озбырлық, қатыгездік, агрессия қайдан шығады? Мұндайда жазаны бір адамның мойнына ілмей, оқиғаға қатысы бар қанпезердің бәрі жазалануы тиіс деп ойлаймыз", - деп атап өтті Сенат депутаты.

Дархан Қыдырәлі жастар арасындағы мәселелер елімізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отырғанын айтты. Айтуынша, дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізеді. 

"Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалуда. Масс-медиадағы басым күш культі танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатыгездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейрімін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз.Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Сондықтан тәрбие ісіне жіті көңіл бөліне бермейді. Орташа 10 мектепке 1 испектордан ғана келеді", - деді сенатор.

Депутат жастардың проблемасы әртүрлі министрліктер құзыретіне бөлініп кеткенін, бірақ салаға жауапты жастар комитеттің өңірлерде тікелей құрылымы жоқ екенін баса айтты. 

"Бес облыста ғана арнайы жастар саясаты басқармасы бар, қалған облыстарда қысқарған. Мәселен, 2 млн халқының 40 пайызын жастар құрайтын Түркістан облысында 600 мың жаспен 3 қызметкер ғана айналысады. Жалақысы небары 70 мың теңге болғандықтан жастар ресурстық орталықтарында білікті кадрлар тұрақтамайды. Көптеген өңірде жеке ғимараты жоқ, бұл орталықтарда 318 орын бос тұр", - деді ол.

Сенатор барлық өңірлерде жастар саясаты бойынша басқармаларды қайта құру керек деп ұсыныс тастады. 

"Жастардың ресурстық орталықтарын жақсартып, аймақтарда комьюнити орталықтарын ашу керек. Орталық және аймақтық атқарушы органдардың жұмысын жүйелеу үшін отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту керек", - деді Дархан Қыдырәлі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу