Дархан Қыдырәлі мен Асхат Аймағамбетов бірқатар балалар басылымына жазылды

626

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баспасөзге жазылу науқанына орай Астанадағы "Қазпошта" бөлімшесіне барып, бірқатар балалар басылымына жазылды, деп жазады inbusiness.kz Ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Дархан Қыдырәлі мен Асхат Аймағамбетов бірқатар балалар басылымына жазылды Фото: Егемен Қазақстан

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, биыл  "Балалар жылы" болып жарияланғаны белгілі.

"Өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беру – мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау негізді деп білеміз", - деді Ақпарат министрі.

Айта кету керек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен "Қазпошта" АҚ ақпарат саласын дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Оның аясында республикалық және өңірлік баспа басылымдарын уақтылы жеткізуді жүзеге асыру жөнінде келісім де бар. Сонымен бірге министр мерзімді басылымдарға онлайн жазылу үшін министрлік тарапынан қолдау жұмыстары жасалып жатқанын жеткізді.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғалы бері мұғалімдерді газетке жазылуға міндеттеп, мәжбүрлемейді.

"Қазір бұл үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Біз мұндай фактілерді болдырмаймыз. Алайда мектептердің өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған газет-журналдарға жазыла алады", - деді Оқу-ағарту министрі.

"Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова баспа басылымдарға жазылу науқанына байланысты жұмыстарымен таныстырды.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу