Алматыдағы онкологиялық орталықта дәрігерлер қазір тері обырына шалдыққан науқастарды ескі жабдықпен емдеуге мәжбүр. Тынбай істеп тұрған құрылғыға 50 жылдан астам уақыт өткен. Ал 2008 жылы шамамен 170 млн теңгеге сатып алынған жабдық істен шығып қалыпты. Оны жөндеуге 38 млн теңгеден астам қаржы қажет, деп хабарлайды almaty.tv.
"Қазақстанда заманауи аппарат жоқ. Жаңа изотоптармен ісікті өлтіреді. Ол тек Батыс Еуропада бар", - деді "Алматы онкологиялық орталығы" МКК бас дәрігері Дамир Дәулетбаев.
Ал тері обырын сәулелік ренгтен арқылы емдейтін мына құрылғыға 50 жылдан асқан. Емдеуде нәтижесін жоғалтпағанымен, науқастар оған көп кезек күтеді. Өйткені, ол осы бағытта ем жүргізетін орталықтағы жалғыз жабдық. Осыған дейін сатып алынған заманауи құрылғы бұзылып, жұмыс істемей қоймада тұр.
"Өкінішке орай, бізде 1969 жылғы аппарат тұр. Кеңес кезінде қойылған. Советтің аппаратты жақсы шығарғаны соншама. Емдеу нәтижесі өте жоғары. Жылына ол аппараттан 7000 мың адам емделіп шығады. Мынау тері ісіктерімен. Ол аппарат 170 млн теңге тұрады. 38 млн-ға құрал-саймандарын ауыстырамыз. Сол кезде Англиядағы жаңа аппарат "Gulmay" бізде болады", - деді "Алматы онкологиялық орталығы" МКК бас дәрігері Дамир Дәулетбаев.
Дәрігерлер бір ғана Алматыда 22 мың адамның обырға шалдыққанын айтады. Сондықтан оларды емдеу үшін жаңа жабдықтар қажет екен. Ал медиктерге мұндай аппарат алуға әлі мемлекеттен қаржы қарастырылмаған. Жағдай ушыға берсе, өмірі қыл үстінде тұрған мыңдаған науқасқа араша түсуге мүмкіндік болмайды.