"24 рет пышақ сұққан": Ақтөбелік жігіт үйленбек болған қызын айуандықпен өлтірген

7680

Ақтөбе облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында эндокринолог-дәрігер Мөлдір Томарованың өліміне қатысты іс жабық қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"24 рет пышақ сұққан": Ақтөбелік жігіт үйленбек болған қызын айуандықпен өлтірген Фото: Stan.kz

Оның себебін қылмыстық істе "Зорлау" бабының болуымен түсіндірді. БАҚ өкілдерін сот залына тек үкім оқылғанда кіргізді.

Дәрігерді өлтірген танысы 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған жәбірленуші тарапқа 20 миллион теңге моральдық шығын төлеуді міндеттеді. Сонымен қатар 1 миллион 230 мың теңге жаназасы мен садақасына жұмсалған материалдық шығын және адвокат төленген қаржыны толық өтеу туралы сот үкімі шықты.

Сотталушыға төрт бірдей ауыр баппен айып тағылды. Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2 тармағы (Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу), 120-бап 2-тармақ 2-бөлік (Зорлау), 99-бап 2-тармақ (Адам өлтіру) және 380-бап 1-тармақ (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) бойынша қаралған сот талқылауының үкімі оқылды. Сотталушы марқұм болған дәрігермен алты жылдан аса уақыт таныс болғаны айтылды.

"Сот Ерғалиевтің кінәсі толық дәлелденді деп есептейді. Қылмысты жасыру үшін Тормарованы қасақана өлтірген. Күш қолданып, зорлаған. Тұрғын жайға түнде басып кірген. Оқиға орнынан балкон арқылы қашып шығып, полиция қызметкерін жарақаттап қашып кеткен. Сотта толығымен дәлелін тапты. Ол пәтерге кіргенін, пышақтап өлтіргенін мойындап отыр. 2017 жылдан бастап таныстықтары басталған. Кейінгі кездері Томарова қашқақтай бастаған, сыйлықтарын қайтарып берген. Полицияға арыз жазып, әкімшілік жазаға тартылған. Түнгі 4-те басталған. Арнайы саты апарған, өз көлігімен емес, басқа көлік жалдап барған. Ішке кіріп, зорлап, соны жасыру үшін өлтірген", – деді судья.

Сотқа Қызылорда облысынан марқұмның ата-анасы да келген. Үкім оқылғанда көз жастарын тыя алмады.

"Үкімге көңілім толмай тұр. Біз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрадық. Ол қызымды 24 жерден пышақтаған. Пышақ жауырынынан шыққан. Аса ауыр қылмыс жасады. Бізге оңай болған жоқ, жазғыз қызымыздан айырылдық. Қызымды айуандықпен өлтірген. Соғыста да мұндай жағдай болмаған шығар. Ақтөбеде 10 жыл оқыды, грантқа түсті, өз білімімен жұмысқа тұрды. Ұжымда беделі бар еді. Қайтейін", – деді марқұмның әкесі Қалдыбай Тұмаров.

Марқұмның әкесі үшінші топ мүгедегі, анасы медицина саласының қызметкері. Анасы сот алдында жылап қалды.

"Мынадай жағдай бәрімізге де қатты соққы болып тиді. Ойламаған нәрсе. Өте тәрбиелі бала болатын. Біреудің ала жібін аттайтындай, біреуге қарсы сөйлейтіндей қыз емес. Адам құмырсқаны басқанда да ойланады. Өзі жақсы көрген адамды осыншама қорлау, осыншама зорлау – қатыгездік. Анасына қиын тиді. Алғашында жылап-жылап көз жасынан беті жара болып кетті. Отбасы әлі күйзелісте. Анасы жалғыз жүре алмайтын жағдайға түсті", – деді марқұмның нағашысы Нағима Айтбайқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу