Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов пара ұсыну мен алғыс білдірудің ара-жігін ажыратып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер Антикор өкілінен дәрігер, мұғалімдерге гүл немесе бір қорап кәмпит беру пара болып есептеле ме деп сұрады.
"Себеп-салдарлық байланыс болмаған жағдайда ризашылық білдіруге болады. Мәселен, сіз дәмханада отырып, шайпұл қалдырып кеттіңіз. Бұл алғыс. Мұнда ешқандай мәселе жоқ. Себебі сіз оның орнына ештеңе талап етіп тұрған жоқсыз. Ал енді себеп-салдарлық байланыс болған кезде, мысалы, адам қандай да бір оңалтудан өтуі қажет немесе оған ота қажет дейік. Дәрігер оған кезекте басқа адамдардың тұрғанын айтса, ал адам оған бұл мәселені шешудің басқа жолы бар деп айтса онда, әрине, сұрақтар туындайды. Себебі параға қатысты ұсыныс, уәде, талап болмауы тиіс", – деді Ұлан Сарқұлов.
Агенттік өкілі себеп-салдарлық байланыс туындаған жағдайда сомасы 2 АЕК-тен асатын сый пара деп есептелетінін айтты. Сөзінше, мұғалімге немесе дәрігерге алғыс ретінде бір қорап кәмпит ұсыну параға жатпайды.
Журналистер дәрігерге ризашылық ретінде миллион ұсыну қаншалықты заңды екенін нақтылады.
"Бізде бұрыннан бері арнайы қор бар. Сомасы 5 АЕК-тен асатын сыйлықтың бәрін соған өткізген дұрыс", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.