Елордалық дәрігер ЖРВИ кезеңіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астанада күз-қыс маусымына тән жедел респираторлық вирустық инфекциялар кезеңі басталды. Қалада сырқаттанушылар саны біртіндеп өсіп келеді. №3 көпбейінді қалалық Балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абайдахар Талантұлы осыған байланысты түсінік берді.
Оның сөзінше, қаладағы барлық емханада, оның ішінде балаларға арналған фильтрлік кабинеттерде жұмыстың қарқыны күшейген. Күні бойы келушілер легі азаймайды. Дәрігерлердің басты талабы – вирус белгілері байқалғанда ата-аналардың бірден фильтрлік кабинетке жүгінуі. Себебі алғашқы белгілерді жеңіл қабылдау немесе үйде ұзақ уақыт ем жасау – аурудың асқынуына әкелетін негізгі факторлардың бірі.
"Сонымен қатар ата-аналар көбіне дене қызуын түсіретін дәрілерді дұрыс мөлшермен бермейді. Мұндай препараттар баланың жасына және салмағына сәйкес есептелуі қажет. Дозаның көп немесе аз болуы ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Дәрілер әр алты сағат сайын ғана берілуі тиіс. Ал температураны 38,5°-қа жеткенде ғана түсіру керек. Оның алдында ағза вируспен өздігінен күреседі. Тек тырысу синдромы бар балаларда бұл көрсеткіш 37,5°-тан аспауы тиіс – бұл топтағы балалар ерекше бақылауды қажет етеді", – делінген хабарламада.
Қала бойынша эпидемиологиялық ахуал әзірге тұрақты, алайда аяқасты асқынулар жиілеп тұр. Бұл, әсіресе, дәрігерге кеш жүгінетін отбасыларда байқалады.
"Баламның температурасы мүлде түспеді. Алғашқы белгілері – жөтел. Үйде бір апта емдеп көрдік, бірақ жағдайы жақсармады. Ақыры жедел жәрдем шақырдық. Осындай кезде уақыт созып, ауруды асқындырып алмау керек. Балам алғашында жөтеліп, дене қызуы көтерілген. Үй жағдайында емдеп көргеніммен, бір апта ішінде еш нәтиже болмады", – деді қала тұрғыны Айжан Анарбаева.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Астанадағы ЖРВИ ахуалы бақылауда болғанымен, қауіп толық сейілген жоқ.