Елордада запастағы әскери міндетті азаматтардың қатысуымен жоспарлы он күндік оқу-жаттығу жиындары басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әскери жиындар Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің мобилизациялық резервін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі болып саналады. Олар әскери міндеттілердің білімі мен дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, қоғам мен армия арасындағы байланысты нығайтып, ел қауіпсіздігі әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айқындай түседі.
Бағдарлама аясында саптық, тактикалық, атыс және арнайы дайындық, сондай-ақ аумақтық қорғанысты ұйымдастыру және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылған.
"Жаттығу барысында әскери міндеттілер стратегиялық маңызды нысандарды қорғау жөніндегі практикалық әрекеттерді орындады. Қазіргі уақытта оқу-жаттығуға 102 әскери міндетті қатысты. Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде өтті. Он күндік жиын барысында біз әскери міндеттілерге әскери істің негіздерін үйретіп, оларды аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттері мен мақсатымен таныстырдық. Сондай-ақ әскери немесе төтенше жағдай енгізілген кезде және түрлі төтенше жағдайлар туындаған жағдайда атқарылатын іс-қимылдарға баулыдық. Оқу-жаттығуларға қаланың барлық дерлік күштік құрылымдары – Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан, Ішкі саясат басқармасы, Мәдениет басқармасы және басқа да мемлекеттік органдар қатысты", – деді №99255 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары, подполковник Еркебұлан Әбіжов.
Жиын барысында бөлімшелердің үйлесімді әрекет етуіне, командирлердің шешім қабылдауына және шынайы жағдайға барынша жақын ортада практикалық іс-қимылдарды пысықтауға ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша бұған дейін мерзімді әскери қызметтен өткен әскери міндеттілер өздерінің практикалық дағдыларын бекітіп, жетілдіруі тиіс. Ең алдымен, стратегиялық маңызды нысандар мен қаланың тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын күзету және қорғауды ұйымдастыру мәселелері қамтылады. Олар шабуыл жасалған, түрлі қауіп-қатерлер немесе басқа да төтенше жағдайлар туындаған кезде қалай әрекет ету керектігін білуі қажет.
Оқу-жаттығу жиындары елдің мобилизациялық резервін даярлау жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады және әскери міндеттілердің мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әрдайым дайын болуын қамтамасыз етеді.