Дәрігердің салғырттығынан 10 жылдан бері есепте тұрған

1793

Орталық жүйке жүйесі қабыну аурулары есебінде тұрған жасөспірім осы уақытқа дейін есепте тұрғанын білмеген.

Дәрігердің салғырттығынан 10 жылдан бері есепте тұрған

"Дамумед" медициналық ақпараттық жүйесі пайдалана білген жанға көп көмек. Жуырда ғана осы қосымшаны жүктеп алған Арал ауданы Қамыстыбас ауылының тұрғыны Мурзагулова Бақытгүл 2010 жылы туған ұлы Дастан Досымның ауылдық емхананың невропатологына бірнеше мәрте тіркеліп, қабылдауға жазылғанын көреді. "Тик-токқа" түсіп жүрген сап-сау баласының жүйке жүйесі ауруына шалдыққанын ауылдық емхана бас дәрігерінің анықтамасы нақтылап береді. Онда Д. Достанның 2011 жылдан бері "Д" есепте тұратыны белгілі болды.

Сап-сау баласының 10 жылдан бері орталық жүйке жүйесі қабыну аурулары есебінде тұрғанын білген аралдық келіншек осы уақытқа дейін ем-дом қабылдамақ түгілі есепте тұрғанында ескертпеген дәрігерлерге деген өкпесі қара қазандай.

"Өзім екі мүгедек жанды бағып отырған адаммын. Күйеуім мен ұлым мүмкіндігі шектеулі жандар. Оның үстіне кіші баламды 10 жылдан бері есепте тұратын науқас етіп шығарғаны жаныма қатты батты. Осы уақытқа дейін неге бізге айтпаған. Мектептің тіркеуінде сау бала қалайша науқас боп шықты. Бас дәрігердің өзі көрші тұрады, неге бізге осыншама жылдан бері айтпаған? "Дамумедке" тіркелмесек мұны білмей жүре берер ме екенбіз?", – дейді ашынған ана.

Елімізде медициналық көмек көрсеттік деп "Дамумед" арқылы жалған қабылдау жасаған деректер кездеседі. Бұл мәселеде осындай көзбояушылыққа құрылған болуы мүмкін бе деген ойда болғанбыз. Бірақ "Арал ауданаралық ауруханасы" бас дәрігерінің міндетін атқарушы Л. Әділбаева мұны ауылдық емхана бас дәрігері Ж. Айтжановтың компьютерлік сауаттылығының төмендігінен деп баға беріпті. Мәлімдемеде көрсетілгендей, анықтама берген дәрігер компьютерлік сауаттылыққа үйрететін орталыққа бір айға жіберіліпті.

Бұл мәселеге зерттеу жүргізген ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Бақытгүлдің ұлын негізсіз есепке қойғанын анықтаған.

"Тексеру барысында, денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің сақталмауы, Д. Достанды орталық жүйке жүйесінің қабыну ауруларының салдары диагнозымен есепке негізсіз алынған", – дейді Департамент басшысының орынбасары А. Тулегенова.

Ал Қамыстыбас ауылдық емханасының дәрігері Ж. Айтжанов қызметтегі салғырттығы үшін әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалаған.

"Тексеру нәтижесі бойынша қателікке жол берген Қамыстыбас дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Ж. Айтжановқа әкімшілік жауапкершілік қолданылды", – дейді бұл мәселе бойынша аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бибіхатша Сүйінова.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу