Арыстағы жарылыс кезінде ауыр жарақат алған 8 жастағы Аян Шәріпбаев Нұр-Сұлтандағы №2 балалар ауруханасында көз жұмды. Ақпаратты елорданың денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды informburo.kz.
Дәрігерлер күш салғанымен, баланың беті бері қарамаған, бүгін таңертең көз жұмған.
Аян Шәріпбаев жарылыс кезіндегі қарбаласта көлік астына түсіп, ауыр ми жарақатын алған еді. Балаға Шымкентте ота жасалғанымен, жағдайы төмендей берген соң, санавиациямын Нұр-Сұлтанға жеткізілген болатын.
№2 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған баланың жағдайын министр Біртановтың өзі бақылауына алды.
"Сапалы медициналық көмектің арқасында жазылып кетеді деген үміт бар", – деген еді денсаулық министрі.
Еске сала кетейік, Арыстағы жарылыстан жарақат алғандардың ішінде екі баланың жарақаты ауыр болып, елордаға жеткізілді. Оның бірінің денсаулығы жақсарған.