Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері газ баллоны жарылғаннан кейін ауыр күйік алған 26 жастағы ер адамның өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға ер адамның өз үйінің ауласындағы шаруашылық қорасында болған. Газ баллонының жарылуы салдарынан ол денесінің басым бөлігін күйік шалып, ауыр жарақатпен Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлер науқастың денесінің 89 пайызын термиялық күйік шалғанын, оның 15 пайызы терең күйік екенін анықтады. Сонымен қатар, сол қолының жұмсақ тіндері қатты зақымданған. Алғашқы минуттардан бастап пациентке шокқа қарсы қарқынды ем көрсетілді.
Ауруханаға түскен күні-ақ оған зақымданған қолына шұғыл қалпына келтіру операциясы жасалды. Кейін ем күйік бөлімшесінде жалғасып, бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық араласулар жүргізілді. Дәрігерлер тері трансплантациясын (аутодермопластика) жасап, зақымданған аяқ-қолға реконструктивтік операциялар орындады. Осы уақыт ішінде науқастың өмірлік маңызды ағзаларының қызметі мен зертханалық көрсеткіштері күн сайын бақылауда болып, емдеу тактикасы жағдайына қарай өзгертіліп отырды.
"Пациент бізге өте ауыр жағдайда түсті. Төрт тәулік бойы реанимацияда болды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Мұндай ауқымды күйіктер дәрігерлер үшін әрдайым ең күрделі сынақтардың бірі. Клиниканың мультидисциплинарлық командасының үйлесімді жұмысының арқасында біз пациенттің өмірін сақтап қала алдық", – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменов.
Науқас Александр Артуков та өзіне көмек көрсеткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
"Күйік және реанимация бөлімшесінің медицина қызметкерлерінің, кардиологтардың, терапевтердің, травматологтардың арқасында ем өте жақсы өтті. Барлық емшара жоғары кәсіби деңгейде әрі барынша ауыртпалықсыз ұйымдастырылды. Маған тек физикалық емес, моральдық қолдау да көрсетілді, өйткені мұндай жарақаттарды еңсеру өте қиын. Санитарлардан бастап мейіргерлерге, дәрігерлер мен анестезиологтарға дейінгі барлық медицина қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды білдіремін. №4 қалалық клиникалық ауруханасының ұжымына кәсіби біліктілігі үшін ерекше ризамын", – деді пациент.
Бір айлық емнен кейін ер адам ауруханадан шығарылды. Емдеу нәтижесінде ол қайтадан өздігінен жүріп-тұрып, өзін-өзі күте алатын жағдайға жетті. Енді оны ұзақ мерзімді оңалту кезеңі күтіп тұр.