Дәрігерлер полигонда тексерістен өтеді

184

Тараз қаласы әскери госпиталінің дәрігерлері жұмылдыру жаттығуын бір жарым ай бойы Қарағанды облысындағы Сарышаған полигонында өткізетін болады. 

Дәрігерлер полигонда тексерістен өтеді Фото: Қорғаныс министрлігі

Осы орайда олар өздерімен бірге далалық жағдайда медициналық көмек көрсетуге арналған модульдік жылжымалы далалық госпитальді алып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алты жүз шақырымдық шеруді артта қалдырған Тараз қаласы әскери госпиталінің дәрігерлері бара сала әскери дала госпиталін орналастыруға кірісті.

Модульдің техникалық сипаттамалары аз уақыттың ішінде шатырлы далалық аурухананы орнатып және тез арада науқастарды қабылдауға мүмкіндік береді.

Тамыз айында Сарышаған полигонында өтетін жұмылдыру жаттығуларына әскери міндеттілер тартылған. Егер олар немесе офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер медициналық көмекке мұқтаж болған жағдайда әскери дәрігерлер жәрдем көрсетуге әрқашан дайын.

Модульдік әскери-далалық госпиталь қабылдау бөлімі, операциялық бөлме, таңу бөлмесі, зертхана, рентген жабдықтары, дәріхана, лазарет және көлік сынды барлық қажетті заттармен жабдықталған.

Модульдік госпитальдың құрамдас бөліктері КАМАЗ автокөлігінің базасындағы арнайы контейнерлерге орнатылған. Бұл госпиталь автономды болған жағдайда және кез келген уақытта түрлі бағытта қозғалуына мүмкіндік береді.

– Полигонға шеруге шығу және модульдік далалық госпитальді өрістету – бұл біздің жұмысымыздың маңызды элементтері. Сондықтан біз өзіміздің де, техникамыздың да мобильді болуын және жедел медициналық көмек көрсетуге кірісу қабілетін тексереміз, – деп атап өтті Тараз қаласы әскери госпиталінің медициналық бөлім бастығы медицина қызметінің майоры Ернар Садықов.

– Біз шеруді 12 сағат бойы тоқтаусыз жүріп өттік. Алғашқы тапсырма орындалды. Енді одан кейінгі жұмысқа кірісеміз. Жылжымалы модульдік әскери госпитальдің бір ерекшелігі – көзделген жерге келгеннен кейін ол базаға айналып, онда басқа дәрігерлер де жұмыс істей алады.

Бұл жолы да Сарышаған полигонындағы Тараз әскери госпиталінің әскери дәрігерлері мен медбикелеріне Астана, Алматы, Қарағанды және Үшаралдан келген әріптестері қосылды. Біріккен дала госпиталін медицина қызметінің майоры Ернар Садықов басқарады. Оның басшылығымен әскери дәрігерлер тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікте болып, оқу-жаттығуға қатысушыларға қажетті медициналық көмек көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу