Баланың тиісті емін алып, үйіне шығарылғаны хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қиын жағдайға Тамилла әкесімен балабақшадан қайтып келе жатқанда тап болады. Желіп келе жатқан жануар сүрініп, оларға бар салмағымен құлаған. Салдарынан 4 жастағы қыз бас-ми жарақатын алған. Ер адам зардап шекпеген. Кішкентай пациент шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген.
– Түйе бар салмағымен қызымның үстіне құлаған. Құдай сақтап, аман қалды. Тамилла ауыр жағдайда болды. Қазір денсаулық жағдайы тұрақтанды. Дәрігерлерге дер кезінде медициналық көмек көрсеткені үшін алғыс айтамын, – дейді анасы Нағима Жұмағалиева.
Диагностикалық тексеру кезінде баланың бас сүйегінде шытынау анықталған.
– Бала ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілді, құлағынан қан кеткен. КТ арқылы тексеру жүргізілді. Бас сүйегінің самай бөлігінде шытынау анықталды. Мида қан ұюы белгілері жоқ. Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургтарымен кеңестік. Консервативті ем ұсынылды, науқас бақылауда, – деді Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Тұрғанбек Ерсеитов.
"Бала тиісті емін алып, үйіне шығарылды" деп хабарлады дәрігерлер. Жалпы, 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдігі бар санатқа жатады, олар үшін МӘМС аударымдарын мемлекет жасайды.