Дәрігерлер Үндістаннан келгендердің тез арада тексеруден өтуін сұрайды

1107

Дәрігерлер Үндістаннан келгендердің тез арада тексеруден өтуін сұрайды

Алматыда шекара асып демаламын деп тырысқақ індетін жұқтырғандар көбейді. Солардың бірі Үндістаннан ауру жұқтырып келген ерлі-зайыптылар кеше қалалық ауруханаға жатқызылды. Өткен аптада сол мемлекетке барып, осы ауруға шалдыққан 3 адам тіркелген, деп хабарлайды kaztrk.kz.
Дәрігерлердің сөзінше, ерлі-зайыпты Үндістанда 10 күн саяхаттап келген. Арада көп өтпей, келіншектің денсаулығы сыр берген. Яғни, іші өтіп, жүрегі айниды. Сөйтіп, 5 күн өткенде дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ал, мамандар оның тырысқақ ауруын жұқтырғандығын анықтады. Сөйтіп, екеуін де оқшаулады.
"Науқаспен байланыста болған күйеуін де ауруханаға жатқыздық. Одан тырысқақ анықталған жоқ. Ал, әйелінің қауіпті инфекцияны жұқтырғанын сараптама растады. Мұндай дерт тазалықтың сақталмауынан пайда болады. Шикі теңіз өнімдерін жеуден де туындауы мүмкін", - дейді ауру жұқтырғандар мен аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекшісі Саят Қауметбаев.
Жылы жақта жан рахатын тауып демаламын деген әйелдің тырысқақты нақты неден жұқтырғаны белгісіз. Ал, Үндістанда демалып келген өзге отандастарымыз шикі ұлу жейтіндіктерін айтқан. Адам өміріне қауіпті ауру алматылық 3 жігіттен өткен аптада анықталып, қазір инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын бірқалыпты деп отыр.
Былтыр елімізде тырысқақ ауруына шалдыққан 5 адам тіркелген. Оның үшеуі - бізге қыдырып келген үнді азаматы. Дәрігерлер дер кезінде қауіптің алдын алған соң дерт жергілікті тұрғындарға тарап үлгермеген. 
Айта кетерлігі, Үндістанда өткен жылы осы қауіпті инфекцияны мыңнан аса адам жұқтырған. Сондықтан, санаулы күннің ішінде тырысқақ дертіне шалдыққан 4 науқасты анықтап, әбігерге түскен алматылық дәрігерлер енді Гоа аралына барып келгендер болса, тез арада тексеруден өтулерін сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу