22 жастағы жігіттің жүрегіндегі "тікен" машина дөңгелегінің темірі болып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға Петропавл қаласында болған. Жол-көлік апатында жарақаттанған жігітке кезекші дәрігер-хирургтер Руслан Захаров, Алексей Дрюпин, анестезиолог Эльдар Рамазанов бірден ота жасағаны хабарланды.
Петропавлдағы көпбейінді қалалық аурухананың мәліметінше, автокөліктің дөңгелегі жарылып, 22 жастағы жігіт ауыр халде жеткізілген.
Жансақтау бөлімінде бес күнін өткізген науқастың қазіргі жағдайы тұрақты. Үйінде ем қабылдап жатыр.
– Мен бастапқыда не болғанын түсінбедім, тек ауырсынып, от қарығандай болды. Бірнеше күннен кейін ғана, есімді жинаған соң өлім аузынан қалғанымды түсіндім, – дейді жігіт.
2 сағатқа созылған отадан науқас бір литрдей қан жоғалтқан. Әуелі тексеру кезінде дәрігерлер жігіттің кеуде қуысы жарақатын көреді. Өкпенің оң жағындағы жараны, диафрагманы, зақымданған бауырды тігеді. Десе де, көкірек бөлігінде гематома пайда болып, тексеріс барысында жүректің жарақаттанғаны анықталған. Осылайша, дәрігерлер жүрек ішінен дөңгелектің темір "тікенін" алып тастапған.