Дәрігерлер жұмыстан кетіп жатыр

2074

Дәрігерлер жұмыстан кетіп жатыр

Қырғызстанда жыл басынан бері 600 дәрігер жұмысын тастап кеткен. Жалақының аздығы, әлеуметтік жеңілдіктердің жоқтығы осындай жағдайға мәжбүрлеп отыр. Сонымен қатар медициналық институтты бітірген түлектердің көбі ауылдық елді мекендерде қызмет етуден бас тартып жатыр, деп хабарлайды 24.kz.

Осыған байланысты қазір республикадағы медициналық мекемелерде, әсіресе ауыл-аймақтарда мамандар тапшылығы сезіле бастады. 600 дәрігер жұмыстан шықты, 612 жас маман қызметке алынды. Сырттай қарағанда, бір жылдағы көрсеткіш көңіл көншітерлік сияқты. Бірақ тәжірибелі дәрігерлердің жаппай жұмыстан кетуі алаңдаушылық тудырады. Соның салдарынан қазір көп жерде білікті мамандар жетіспейді. Әсіресе бұл жағдай ауылдарда анық байқалады.
Елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, мамандардың жаппай жұмыстан кетуі Шу және Ош обылыстарында анық байқалады. Ал бұл – Қырғызстандағы экономикалық жағдайы тәуір аймақтар. Басқа өңірлерде жағдай тіптен қиын. Әсіресе кей ауылдарда 1 дәрігер жүздеген адамға қызмет етуге мәжбүр. Осыған орай министрлік жас кадрларды ауылға тартуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға кірісті.
Қырғызстанда қазір "Жас дәрігердің депозиті" деген бағдарлама бар. Яғни өңірде жұмыс істеген маманның арнайы шотына айлықтан бөлек мемлекет қосымша қаржы салып отырады. Ал иесі оны тек белгілі бір уақыт жұмыс істегеннен кейін алады. Бірақ қаржылай қолдау мәселені түбегейлі шешуге көмектесе алмады. Өйткені аталған бағдарламаны қазір тек 150 дәрігер ғана қолданып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу