Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуыл үшін қандай жаза болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ДСМ тиісті нормалардың жобасын әзірлеп те үлгерді. Қазір Бас прокуратурамен, ІІМ-мен бұл мәселе пысықталып жатыр.
"Алдын ала оң қорытындылар бар. Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысты арнайы баптар енгізіледі. Бұл жаңа 158-1 бап болады. Онда бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар көзделген. Егер медицина қызметкеріне күш қолдану қаупі төнсе және бұл дерек дәлелденсе, онда екі жылға дейін бостандығын шектеу жазасы көзделеді. Бір медицина қызметкеріне шабуыл жасалса, екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Бұл төтенше жағдай кезінде болса, онда – 10 жылға дейін. Ал егер бұл бір емес, бірнеше медицина қызметкеріне қауіп төндірсе, онда 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады", – деді Ақмарал Әлназарова Үкіметте өткен баспасөз конференциясында.
Министр аталған шаралар медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Қыркүйекте тиісті өзгерістер Парламент қарауына енгізіледі.