Жаздың алғашқы 2 аптасында ғана қазақстандық дәріханалар 10 миллиард теңгеден астам табыс тапты. Алайда нақты айналымды жасырып қалғандары да бар, деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметі.
Ведомствоның дерегіне сүйенсек, дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 3527 кәсіпкер 7674 онлайн бақылау-кассалық аппаратын тіркеген екен.
"Олардың тек 60%-ы ғана өзінің таза кірісін жариялайды", – деп жазылған мәлімдемеде.
868-і онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолданбаған, бірақ қызметін тоқтатпаған. 239-ы чектерді тек кей күндері ғана басып шығарса, 99 дәріхананың бір күндік кірісі 5 мың теңгеден аспайтын көрінеді. Тіпті бір күнде тұрақты түрде небәрі 700 не 1000 теңге табатын дәріханалар да бар екен.
Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде чектерді талап ете отырып, азаматтық белсенділік танытуға шақырады.
Табиғат Нұрболат