Ақпарат жүйесіне және смартфонға арналған тиісті қосымша әзірлей отырып, өнімнің әрбір қаптамасына бірегей штрих-код жапсыру арқылы дәрілік заттарды қадағалау жүйесін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Мұны үкіметте Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауын іске асыруға арналған брифингте денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
"Қазір министрлік фармацевтикалық қоғам өкілдерімен бірлесіп, барлық дәрілік заттың шекті бағасын белгілеу және реттеу әдістемесін талқылау жұмысын жүргізіп жатыр", – дейді Елжан Біртанов.
Сондай-ақ, ол "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске және Кәсіпкерлік кодексіне өзгеріс енгізу мәселесі де қаралып жатқанын айтты.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске және Кәсіпкерлік кодексіне министрліктерге барлық дәрілік заттың бағасын реттеу құзыретін беру бөлігінде өзгеріс енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Сондай-ақ, ақпарат жүйесі мен смартфонға арналған тиісті қосымша әзірлей отырып, өнімнің әрбір қаптамасына бірегей штрих-код жапсыру арқылы дәрілік заттарды қадағалау жүйесін енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Осы іс-шара 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген", – деп қорытындылады Елжан Біртанов.