2018 жылы Қазақстанда дәрілік заттардың жағымсыз әсерлері жөнінде 3200 хабарлама тіркелген, деп хабарлайды ortcom.kz.
"Егер сіз көрсетілімдеріне қарай және дәрігердің тағайындауы бойынша ем қабылдасаңыз, бірақ осы немесе басқа препаратты немесе медициналық бұйымды қолданудан болған жағымсыз әсерді байқасаңыз, ондай жағдайда емдеуші дәрігеріңізбен бірге дәрілік заттарды ұлттық сараптау орталығының сайтында электрондық карта-хабарлама толтыру арқылы хабарлауыңызға болады", – деп мәлімдеді ДЗҰСО бас директорының міндетін атқарушы Қанат Ержанов.
ДЗҰСО әрі қарай 48 сағатқа дейінгі мерзімде келіп түскен деректерді талдап, күрделі жағымсыз реакциялар туралы фармация комитетіне мәлімдейді. Берілген ақпарат пен жүргізілген сараптаманың негізінде фармация комитеті реттеу шараларын және препаратты қолдануға тыйым салу, айналымын шектеу, сериясын тоқтату және т.б. шешімдер қабылдайды.
Айта кетсек, 2008 жылдан бастап Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәрілік препараттардың жағымсыз әсерлерін мониторингтеу жөніндегі жаһандық бағдарламасының толық құқылы мүшесі, осы ұйымға біздің елімізден деректер жолдайды.