Даудың басы – Дайрабаев: маңыздысы мандат па, абырой ма?

834

Жеке Жигули Дайрабаевтың басына қатысты ешқандай іс жоқ.

Даудың басы – Дайрабаев: маңыздысы мандат па, абырой ма? Фото: t.me/mazhilis_kz

"Балалары сотталып жатса да депутат бола береді". 2 ұлына үкім шыққан Жигули Дайрабаевқа байланысты "Ауыл" партиясының Мәжілістегі фракциясы осындай мәлімдеме жасады. Партияластары тіпті "ол біздің фронтмен, ары таза адам" деп шаң жуытқысы келмей отыр. Ал, саясаткерлер "әкесі баласы үшін жауап бермейді" деген ұғымнан арылатын кез келді" дейді. 

"Кішкентайымыздан "адам болсақ екен", "білім алсақ екен", ел басқарсақ екен" деген ойымызда мақсат болды. Мен сол мақсаттың бәрін орындадым ғой деп ойлаймын", - деген болатын Дайрабаев.

Бұл  Жигули Дайрабаевтың президенттікке кандидат кезінде айтқаны. Елді басқармаса да, жұрттың жағдайын жасайтын заң қабылдаушы органға келді. Алайда, отбасындағы жағдай мәз емес. 2 ұлы "550 миллион теңге көлемінде субсидияны ұрлады" деп айыпталып, кеше үкім шықты.

"Дайрабай мен Молдақалыққа мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ҚК-нің 63-б. қолданып, пробациялық бақылау белгілене отырып шартты түрде тағайындалды", - дейді Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Жигули Молдақалықұлының әріптестері "бұл қылмыстық іс туралы білдік" деп отыр. Сонда да тәуекелге барып, кандидат ретінде ұсыныпты. Өйткені, жеке басына тағар мін жоқ екен.

"Жеке Жигули Дайрабаевтың басына қатысты ешқандай іс жоқ. Бұған қатысы тікелей жоқ. Ол  абыройы бар, арыз таза, біздің партиямыздың фронтмені. Осы бір аптаның ішінде өзінің өте жоғары белсенділігін көрсетіп жатыр. Сондықтан да біз фракция ретінде позициямыз осындай. Мінсіз беделді болу керек" деген бізде норма жоқ, заңнама жоқ", - дегенді алға сүйреді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ауыл" партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев.

"Кету-кетпеу ол кісінің жеке басына қатысты. Бірақ, құдай сақтасын, мұндай жағдайларда кету мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Оның үстіне үлкен беделді қызметтерді атқарған, жасы келген кісі. Енді ұяты біледі қазақша айтқан кезде. Құдай кесапатынан сақтасын, бірақ, 2 баласына ие бола алмаған адам "елге ие боламын" деуінің өзі менің ойымша үлкен күпірлік. Ұят дүние", - деді саясаткер Ғазиз Құлахметов.

Даудың басы  Дайрабаев мырзаның өзіне хабарласу мүмкін болмады. Журналистерді былай қойып, партияластарының қоңырауына да жауап бермеді.

Жигули Дайрабаев келесі аптада түсініктеме бермекші екен. Бір апта ойлануға не себеп? Президенттікке кандидат кезінде "шешендік қанымда бар" деп мақтанғандай болып еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу